Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялануға бағыт алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сапалы ғылыми кадр даярлау басты назарда. Қарашаңырақ жыл сайын QS, THE, ARES сияқты ең беделді халықаралық рейтингтерде алға шығып, зор ғылыми әлеуеті мен жоғары бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдеп келеді.
Университет әлемнің 500-ге жуық жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатып, білім беру ісіне шетелдік үздік ғалымдарды тартып отыр. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық, қос диплом, Erasmus+, Fulbright, DAAD, Mevlana, Болашақ халықаралық бағдарламалары жас ғалымдардың озық елдердің тәжірибесін игеруіне кеңінен жол ашуда. 8 ғылыми-зерттеу институты мен 29 ғылыми орталықта ауқымды ғылыми жобалар жүзеге асырылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – өз қаражаты есебінен постдокторантура бағдарламасын ашқан алғашқы ұлттық университет. 2020 жылы университетте IT және жасанды интеллект, нано-технологиялар, плазма физикасы, астрофизика, математика, экология, биотехнология, су ресурстары, психофизиология, саясаттану және т.б. басым ғылыми бағыттар бойынша 35 постдокторант жұмыс істеді. Бұл жаңа бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны іске асыру кезеңінде постдокторанттар 160-тан астам мақала жариялады, олардың 70%-ы Q1, Q2 журналдарында жарық көрді. Кейбір ғылыми салаларда постдокторанттардың өнімділігі қазақстандық ғалымдардың осыған ұқсас орташа көрсеткішінен 10 есе асып түсті.
Университет базасында жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жүргізіп, нәтижесін өндіріске енгізуге де зор мүмкіндіктер қарастырылған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландырудың жалпы көлемінің 10%-ы білімгерлерді ақылы негізде зерттеуге тартуға бөлінеді. Бұл мақсатқа соңғы 5 жылда 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл білім алушылардың ғылыми әлеуетін дамытуға, ғылыми кадрлар даярлауға және ғылыми мектептердің сабақтастығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда.
Жоғары оқу орнының базасындағы Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институты шығаратын «Eurasion Chemico-Technological Journal» басылымы Scopus деректер қорында индекстеледі. Сонымен қатар білім ошағы – әлемнің рейтингтік басылымдарындағы ғылыми жарияланымдар саны бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ҒЗИ арасында көшбасшы, жылына Scopus журналдарында 1000-нан астам мақала жариялайтын алғашқы университет болып табылады.
Оқуға қабылдау барысында ең лайықты әрі білімді жастар іріктеледі. Осы мақсатта ҚазҰУ Қабылдау комиссиясы құрамы қайта жасақталып, қарқынды жұмыс істеуде. Комиссия құрамына факультеттердің арнайы мамандары, тәжірибелі оқытушылар және декан орынбасарлары енгізілген. Олар кәсіби бағыт-бағдар, кеңес беру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында онлайн және офлайн форматта сапалы әрі жедел қызмет көрсетеді.
Талапкерлер үшін электронды кезек жүйесі іске қосылған. Жастар енді ұзын-сонар кезекте тұрмай, құжаттар электронды нұсқада қабылданауда. Соңғы үлгідегі сандық технологияларды қолдану арқылы талапкерлерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Ең қажетті әрі маңызды ақпараттар ресми сайт пен әлеуметтік желілерде күнделікті жариялануда.
Қазіргі уақытта магистратураға түсушілер үшін кешенді тестілеу емтихандары басталды. Талапкерлер оқуға түсуге арналған емтиханды электронды түрде тапсыруда. 20 шілдеден бастау алған сынақтар 10 тамызға дейін жалғаспақ. 10-25 тамыз аралығында грантқа өтініштер қабылданатын болады.
Магистратураға түсу бойынша шектік бал – 75 балл. Ақылы негізде оқуға түсу үшін 50 балл жинау қажет.
Магистратураға түсу форматына биыл өзгеріс енгізілген жоқ. Талапкерлерлерге арналған жалпы тестілеу 3 бөлімнен тұрады: шет тілінен тест; оқуға дайындығын анықтауға арналған тест; білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Емтихан тапсыруға 4 сағат беріледі. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар талапкер шет тілі бойынша кешенді тестілеуден босатылады.
Ал докторантураға құжат қабылдау 3 тамызға дейін жүргізіледі. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.
Докторантураға магистр дәрежесі және кемінде 9 ай жұмыс өтілі бар үміткерлер тапсыра алады. Ал медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтағандар қабылданады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат міндетті.
Докторантураға оқуға түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші – 100 балл. Оның ішінде эссе – 20 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейінді емтихан сұрақтары – 50 балл.
2021-2022 оқу жылына магистратураға – 13 263, PhD мамандарын даярлауға 1 890 мемлекеттік грант бөлінген.
Сондай-ақ алдағы оқу жылында студенттердің шәкіртақысы 20%-ға артып, магистранттар 76 мың теңгеден артық, ал докторанттар 172 мың теңгеден астам шәкіртақы алады.
ҚазҰУ магистратура деңгейінде – 92, докторантурада 75 білім беру бағдарламалары тобы бойынша маман даярлайды. Сондай-ақ университет ғылым және білім интеграциясы жобасы аясында ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты 10 ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, магистранттар мен PhD докторанттар дайындау бойынша бірлескен оқу бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеді. Бүгінге дейін 147 докторант дайындалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылымға талабы бар жастарды оқуға шақырады. Еліміздің үздік университетіне кел, талабыңды іске асыр! Әлемде жоқ жаңалық ашып, еліңе, адамзатқа пайда әкел, ғылымның шыңын бағындыр!
ҚазҰУ сені күтеді!
Жамашев А.Ш.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
философия және саясаттану факультеті,
дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы,PhD
Жұмасейіт Қ.Б.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
саясаттану және философия факультеті,
дінтану және мәдениеттану кафедрасы
“Исламтану” мамандығының
2 курс магистранты